рус / каз / eng
Д.А.Қонаев атындағы мұражай

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі тек Қазақстан халқына ғана емес бүкіл әлемге әйгілі. Ұлы тұлға өзінің 45 жылдай уақытында еліміздің мемлекеттік және саяси өмірінің ең биік шыңында болды. Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстанның экономикасының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз.

1994 жылдың 24 ақпанында ҚР Президентінің «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» қаулысы жарияланып, онда Д.А.Қонаевтың Қазақстанды өркендету жолындағы еңбегін ерекше бағалай отырып, Алматы қаласынан оның мұражайын ашу жөнінде тапсырма берілді.Ұлы тұлғаның 90 жылдығына орай 2002 жылдың қаңтар айында мұражай өз есігін көрермендеріне айқара ашты.

Мұражайды ұйымдастыру барысында Дінмұхамед Ахметұлының туыстарының сақтаған құжаттары, фото және видеоматериалдар, әр алуан портреттер, тұрмыстық заттары жинастырылды. Бірте-бірте олардың қатарын Д.А.Қонаевтың замандастарының тапсырған жәдігерлері толықтыра түсті.

Алғашқы бесжылдықтар кезінде еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған Дінмұхамед Ахметұлы алып құрылыстарды салу кезінде қаншама күш-жігері мен қажыр-қайратын, ерік-жігері мен талантын жұмсамады десеңші! 1942-1952 жылдар аралығында Д.А.Қонаев Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі, кейіннен Қазақ КСР Министлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет істеген жылдары ол еліміздің ауыр индустрия өнеркәсібін, транспорт, байланыс және қорғаныс салаларына басшылық жасады.

Кейіннен, 1952-1955 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Осындай жауапты қызметтерді Дінмұхамед Ахметұлы абыроймен атқарып, өзінің туған Қазақстан халқының биік деңгейден көрінуіне күш салды.

Мұражай жәдігерлері қарапайым шаруа баласының тау-кен инженерінен үкімет басшысы деңгейіне көтерілген, тіптен бұрынғы Одаққа, шет елдерге де танымал болған еңбек жолын көрсетеді. Әрине, бұл жол ауыр жол болса да, абыроймен атқарылған ұлы жол болды! Сондықтан да мұражай қызметкерлеріне жүктелер міндет – мұнда келушілерге Дінмұхамед Ахметұлының осындай ерлікке бара-бар жауапкершіліктерді абыроймен атқарғандығын жан-жақты түсіндіре білу.

Д.А.Қонаевтың өнегелі өмірі мен адал қызметіне деген адамдардың қызығушылығы соңғы жылдары арта түсуде. Бұл жай ғана қызығушылық емес, ол қоғамдағы күрделі тарихи қызығушылық жағдайға да байланысты. Сондықтан да 2012 жылдың 12 қаңтарында «Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер-мұражайының» ашылуы үлкен жаңалық болып табылады.

Бұл мұражай өз жәдігерлерінің құндылығымен ерекшеленеді. Мұнда Дінмұхамед Ахметұлының жекелеген заттары, техникалық, анықтамалық және көркем әдебиеттер, өнер жөнінде альбомдар, авторлардың жекелей қолтаңбасы жазылған кітаптары, жиһаздар, тұрмыстық заттар, мерейтойларына арналған көптеген сыйлықтар мен экспонаттар, басқа да әр алуан заттар бар. Бұлардың бәрі ұзақ жылдар бойы мұқият сақталған және Дінмұхамед Ахметұлының немере інісі Диар Асқарұлы Қонаев мұражайға табыс еткен.

Мұражайдың ерекше құндылығы – мемориалдық пәтер-мұражайының толықтығында және ауқымының кеңдігінде. Мұнда сақталған жәдігерлер Дінмұхамет Ахметұлының дүние-мүлікке қызықпайтын қарапайым адам болғанын, оның қарапайым тіршілігін, қалай дем алып нендей дүниеге қызығушылық білдіретінін аңғартады. «Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер - мұражайы» - бұл өткен тарихымызбен таныстыратын орын әрі өнегелі өмірдің нағыз куәгер.

Мекен-жайы: Төлебаев көшесі 117, Бөгенбай батыр көшесінің қиылысы.

Байланыс телефоны: 8(727) 272-48-63, 261-42-69.

Электрондық пошта: 2614269kz@mail.ru

Жұмыс кестесі:

Д.А. Қонаев мұражайы: дүйсенбі, сәрсенбі – сенбі күндері, сейсенбі – тазалық күні;

Д.А.Қонаевтың мемориалды пәтер-мұражайы: сәрсенбі, сенбі күндері, сейсенбі – тазалық күні

Кіру ақысы: ересектерге 500 теңге (екі мұражайға кіру); студенттерге 100 теңге; оқушыларға 70 теңге; зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлеріне тегін

Қала тарихы   Назар аударарлық орындар   Туристер үшін   Форум   Сурет галереясы   Алматы қаласының аймағы   Кері байланыс