рус / каз / eng
Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптарының мұражайы

Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптарының мұражайы

1980 жылдан бастап жұмыс жасауда. Қырықтан астам қазақтың музыкалық халық аспаптары қойылған. Олардан домбыра, қобыз, даңғыра, кепшік, сылдырмақ сияқты аспаптар, сонымен қатар орыс, ұйғыр, дүнген және басқа да халықтардың аспаптары Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұражайы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайларынан әкелінген. Жетіген, адырна, сазген, дудыға, тоқылдақ, асатаяқ, керней, уілдек, ысқырық сияқты аспаптар халық аңыздары мен жазба көздері арқылы жүргізілген ғылыми ізденістер нәтижесінде табылып, О.Бейсенбаев, Д.Шоқпаров, А.Аухадиев және т.б. халық шеберлерінің этнографиялық суреттемелері бойынша жаңадан қалпына келтірілген. Аспаптардың тағы бір бөлігі халықтан жиналған. Мұражайда Абай, Біржан, Құрманғазы, Махамбет, Шашубай, Дина, Қазанғап, Нартай, Кенен, Сейтек, Мұрын-жырау, Қызыл-жырау, Жамбыл, Бөлтірік-жырау, А.Жұбанов, Ә.Қашаубаев, А.Хасенов, А.Мықтыбаев және т.б. әйгілі суырып салма ақындар мен композиторлардың музыкалық аспаптары қойылған.

Мұражай залдарынан қазақ халқының ұзақ тарихи даму процесінде өте бай музыкалық мұрасын қалыптастырып отырғаны байқалады. Көптеген халық орындаушыларының жадында байырғы музыкалық шығармалардың жүздеген үлгілері сақталып, аса бай музыкалық фольклор орындаушыдан орындаушыға, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Халық аспаптарын кәсіби үйренуде дәстүрлі аспаптық музыка негіз болды.

Республиканың музыкалық мәдениетін дамытуда Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптары Мемлекеттік академиялық оркестрі маңызды роль атқарды.

А.В.Затаевич, академик А.Жұбанов, Л.Хамиди, Н.Тілендиев, Ш.Қажығалиев, Б.Сарыбаев, халық шеберлері К.Қасымов, Э.Б.Романенко және т.б. танымал музыкатанушылар мен композиторлардың халық аспаптарын зерттеу мен жетілдіруде қосқан зор үлестерін мұражай экспозицияларынан көруге болады.

Сонымен қатар мұражайда түркі және әлем халықтарының музыкалық аспаптары қойылған.

Мұражай қызметкерлері экскурсия өткізіп, концерт залында музыкалық аспаптарды дыбыстандырады.

Жұмыс уақыты: 10.00-ден бастап 19.00-ге дейін, демалыс күні - дүйсенбі

Билет құны:

Үлкендерге- 500 теңге, студенттерге, оқушыларға, зейнеткерлерге- 200 теңге, 7 жасқа дейінгі балаларға тегін



Мекен-жайы: Зенков көш., 24

Телефон: +7(727) 2916316

Тарихи анықтама

Қала тарихы   Назар аударарлық орындар   Туристер үшін   Форум   Сурет галереясы   Алматы қаласының аймағы   Кері байланыс